Шәді
Жәңгіров(1865-1933)
Шәді (шын аты
Сұлтанбек) Жәңгіров 1865 жылы Созақ өлкесінде
дүниеге келіп, 1933 жылдың 12 қарашасында
Өзбекстандағы Сырдария облысы, Қаратөбе деген жерде
қайтыс болған белгілі қазақ ақыны.
Әке-шешесінің (Жәңгір, Мәуті, Мәтей ханым,
Кенесары жесірі) сүйіктісі, жалғызы болған ол сауатын ерте
ашып Шаян, Қарнақ, Ташкент және Бұхарадағы
Көкілташ медресесінде оқыған. Араб, парсы, шағатай
тілдерін жетік білген, сондықтан да шығыс тарихын, философиясын,
әдебиетін зерттеумен айналысқан. Бүкіл Шығыс
тарихын,өнер-ғылымын, ақын-жазушыларын жақсы білген
ғалым, ақын.
Шәдінің бүкіл
өмірі өлең шығару, кітап жазып бастырумен,
қазақ арасында қисса-дастандар оқып берумен
өткен. Ол кейінгі халқына
мол, құнды мұра қалдырған ақылшы аға,
үлкен ақын.
Өз шығармаларын
Шығыс ақындары жиі қолданған нәзиралық
әдіспен жазған. Ташкент, Қазан, Орынбор баспаларынан 18
дастан поэма, қисса-хикаят бастырып шығарған. Олар:
"Төрт дәуріш" (1913,1914), "Хикаят
Қамар-заман" (1914), "Назым чәһар
дәруіш" (1913), "Хатымдайдың хикаясы" (1914),
"Хикаят Халифа Һарон ар-Рашид" (1914), "Хикаят Орка-Күлше" (1917)
т.б. "Тарихнама" атты көлемді дастаны қолжазба
күйінде сақталған. Ел аузында сақталған
шағын өлеңдері де аз емес.
Шәдінің әдеби
мұрасы - 100 мың жолдай өлең-жыр, осының 75
мың жолдайы ақынның көзі тірісінде түрлі
қалаларда басылып шыққан. Ақын қазақ даласының
Россияға қосылуын қолдап, "Россия патшалығында
Романов нәсілінің хұқмырандық қылған
патшалардың тарихтары һәм ақтабан
шұбырындылық заманынан бері қарай қазақ ахуалы
" (1910) деген реалистік поэма жазды. Сонымен қатар А.С.Пушкин
поэмаларының сюжетін де еркін аударып жырлаған
("Полтаваның соғысын Пушкиннің бәйіт
қалғаны" 110 жол). Шәді ақын Қазан
төңкерісін қуана қарсы алып, "Ленин" (1924),
«Ұлы Октябрь» (1927) т.б. өлеңдер жазды. Совет үкіметі
орнағаннан кейін жаңа тұрмысты қуана жырға
қосты. Шығармаларын негізінен қара өлең, жыр,
терме, назым үлгісінде болып келді.
Ақынның жасы
ұлғайған кезінде хал-жағдайы ауырлай береді.
Тұрмыстың ауырлығынан зергерлік кәсіппен айналысады.
1930 жылдары ауыл белсенділері Шәдіні молда деп айыптап,
Марғұланңа жер аудартады. 1933 жылы ақталып келген
соң Ташкент жақтағы Асан Қажыпұлы дейтін
жиенінің қолында тұрып, қайтыс болады. Шәді
Жәңгіров қоғамдағы барлық кемшіліктің
- экономикалық және мәдени мешеуліктің бірден бір
себебі қазақ халқының
қараңғылығынан, надандылығынан, яғни
өнер-ғылымнан кенже қалғандығынан деп білді.
Осындай мешеуліктен құтылудың, надандықтан арылу мен
қараңғылықтан шығудың жалғыз жолы
халықты ояту, мәдениетке шақыру, оған білім беру деп
түсінді. Сол себепті Шәді халықты - "Заманаға саз
болып, өнер-білім үйретуге" үндейді. Осы мақсатпен
Россияны қазақ еліне үлгі етеді.
Яғни, Шәді ақын
өз шығармаларында сол кезең үшін
қоғамдық, әлеуметтік мәні зор тақырыптарды
- гуманистік және ағартушылық идеяны жырлады. Халықты
отырықшы ел болуға, өнер-ғылымға, жаман
мінез-құлықтан аулақ болуға шақырды.
Шәді шығармаларындағы гуманистік сарындар
шығыстың сюжет негізінде жазған дастандар да басым.
Шығыс үлгілі әдебиетінің назирагөйлік дәстүрмен
жазған туындыларында ол адам бойындағы ең асыл
қасиеттерді: ой-сана, ізгіліеті, туған жерге деген ысытық
махаббатты, сүйіспеншілікті жырлады. Адамның абзал
қасиеттерін барынша мадақтады, ардақтады.
Шәді - өзінің
өмір сүрген ортасымен, өз оқушыларының
талғам-түсінігімен санаса білген ақын. Ол халық арасына
ілгерішіл, прогресшіл идеяларды тарату үшін діннің беделін
пайдалана білді. Ол өзінің өнер-ғылым, ой-сана,
адамгершілік, әділеттік жөнінде имандылық пікірлерін кейде
діни сөздермен астарлы айтады, яғни ақын ғылыми
прогресшіл пікірлерін дәлелдеу үшін кей жағдайда діни
сөздерді, деректерді, аңыздарды пайдаланады. Өздерінің
ілгерішіл ой-пікірлерін осылайша діни сөздермен бүркемелеп,
нәзік ишарамен астарлап айту әдісі Шығыс классикалық
әдебиетінде едәуір орын алып келгені мәлім. Бұл
әдісті ақын жиі қолданды, дамытты.
Дегенмен ақын ретінде
есейіп, өскен шағында ислам дінінің көптеген
заңдарына, тәртібіне сын көзімен қарады. Діни
қараңғылықты сынады, дүмше ишан, молдаларды ажуа
етті. Діни сүіспеншілік мәселесіне діншілер сияқты емес,
мүлде басқаша қарайды, махаббат жайын имандылық
тұрғыда қарап талқылайды.
Шәді Жәңгіров -
Шығыстың классикалық поэзиясындағы гуманистік,
ағартушылық ой-пікірлерді, үлгілі әдебиеттегі
халықтық сарындарды шығармашылықпен меңгеріп, әрі
орыс әдебиетінің ең жақсы дәстүрлі
негізінде мазмұны бай, компазициясы жинақы, көркем,
қолтума шығарма берген дарынды адам.
Ол дәстүрлі
тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды бетке ұстай отырып,
мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті
тұрғысынан мүлдем жаңа, тың көркем
шығармалар жазды. "Назым чаһар дәруіш",
"Хикаят Орқа-Күлше", сияқты дастандары
сондай-ақ "Хикаят Қамар заман", "Бес
қатынның хикаясы", "Хикаят Халифа һаран
ар-Рашид", "Қаруынның жер жұтқан
оқиғасы" т.б. шығармалары осындай
нәзирагөйлік әдісімен жазылған, күрделі,
қызықты, компазициясы жинақы, тілі жатық,
көріктеу құралдары тұрғысынан мүлдем
жаңа дүниелер.
Ол да шығыстың
классик ақындары секілді өз дастандарын тікелей бастап кетпей,
шығарманың идеясы мен мазмұнын аңғартатын
кіріспе-тезистер айтумен бастап отыруы, кеңінен қолданды.
Гуманизмнің күшті
көріністерінің бірі - халықтың әділ, білімді,
ақылды, мейірімді, жомарт патша жөніндегі арман-тілегі.
Ғасырлар бойы қатал қанауда, бұғауда болып, зорлық-зомбылық
көріп келген халық, ел билеушілердің әділ, парасатты,
мейірімді болуын армандады. Осындай сарынды ақын шығармаларынан жиі
аңғаруға болады. Мысалы, қолына кетпен алып,
қарапайым диқанмен бірге бау-бақша суаратын Қамарзаман,
үстіне қайыршының киімін киіп, түн ішінде ел кезіп,
өз халқының хал-жағдайын біліп отыратын һаран
ар-Рашид, күні-түні хикмет кітаптарын ақтарып, халқына
айтып отыратын Азатбақыттар әділ патша жөніндегі
халықтың арман тілегінен туған жағымды бейнелер.
Сонымен бірге Шәді
Шығыс сөз зергерлерінің сан түрлі көріктеу,
бейнелеу құралдарын, образ жасау тәсілдерін, әдеби
теңеулерді, астарлау, құбылтып қолдану жолдарын,
өлең жүйесін т.б. зор шеберлікпен, творчестволықпен
пайдаланды. Осындай дәстүрлі бейнелеу
құралдарының бірі:
Қып-қызыл ерінді - қызғалдаққа,
Қиылған қасты - садаққа, сұлуың
кірпігін - жайдың оғына, жүректі -
қорамсаққа ұқсату. Мұндай
дәстүрлі теңеулердің бояуын өзгертіп, өз
стиліне сай етіп, оларды жаңғыртып, құбылтып
қайталайды. Ол үлгілі әдебиетте кең тараған
"гүл-бұлбұл" ұғымына байланысты
туған эпитеттерді жиі қолданады. Халық ауыз әдебиетінде
жиі кездесетін "Жұлдыздың ішінде кездесетін ай секілді",
"еріндері қырмызыдай", "ауызы оймақтай" т.б.
дәстүрлі теңеулерге жаңа мән-мағына береді.
Шәді төре - қазақтың үлкен бұхарашыл
ақыны. Оның арманы - бақытты махаббат, бұзылмайтын
ұя. Патша ұлықтарының мансабына қызығып,
елдің соры болған билеушілерді қатты сынайды. (Найман
Қалмамбет болыстарға жазған өлеңі).
Шоқан, Ыбырай, Абай
сияқты Шәді ақында да ағартушылық идеясы
айқын, 1913 жылы жазған "Қазақтарға
сәлем хат" деген өлеңінде Шәді
қазақтың жер-суынан айрылып, отар, мешеу болуының
негізгі себебі көшпелі салт деп біледі.
Сарыарқа
мен Сырдағы
Көшпелі
қазақ баласы
Ақылдың көзін жіберіп,
Ахуалыңа қарашы
Артық
кетті біздерден
Өзгелердің һәммесі.
Енді бірінде халыққа ғылым-білім үйренуді
үндейді.
Ойыңа
мықты боларсың
Көп
оқысаң ғылымды
Мелресе, мектеп
салдырып,
Абат қыл
тірлік күніңді
Ноғай,
орыс жарлы ма?
Шаһарда
өсіп туылды
Көшкен
қазақ көрсетші
Миллионға
жеткен пұлыңды?
Шәді прогресс идеясын
жақтайды, ол - адамның бас бостандығын жырлаған
үлкен гуманист ақын. Оның негізгі мектебі - шығыс
әдебиеті. Бірақ біз Шәді ақынды тек
өткеннің ғана емес, жаңа заманның ақыны деп
тарихи баға беруімізге болады. Орта Азия халықтарының
прогреске ұмтылуы ХІХ ғасырдың орта кезінде оянады.
Сондықтан Шәдінің ірі сюжеттерінде қазақ
өмірінің толық шындығы болмаса да, оның
жырлаған идеясы ақынның өз заманына толық жауап
берді. Ол өз шама-шарқынша жаңалық іздейді. Оны
оқу-білім жолынан көреді. Ақынның ағартушылық
идеясының басты бір сипаты да осында екені анық.
Ақын Шәдінің
өмірі мен шығармашылығы жөнінде әр кез
Әбілда Тәжібаев, зерттеуші ғалым Нәмет Келімбетов
("Шәді ақын"
1974ж.) пікір айтты, зерттеулер жазды.